Биыл елімізде жеңіл және жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін жасайтын кәсіпорынның құрылысы басталады. Жаңа нысандар Қостанай облысы мен Алматы қаласында салынады. Жобаға осы салада жұмыс істеп жүрген отандық инвесторларды тарту көзделіп отыр. Нұршапағат Несіпбаев сөз алады. Көлік бөлшектерін жинап, оны халықаралық нарыққа шығаруды көздейтін 4 жоба алдағы 2 жылда толық жүзеге асады. Қостанайда КамАЗ-дың дөңгелегі мен белдемесі, ал Алматыда «Хёнде» жеңіл көлігіне арналған пластик жабдықтар жасалады. Қазақстан Автобизнес қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, бұл бөлшектер көршілес Ресейге де тасымалданады. Екі ел арасында тиісті келісім бар. Қазірдің өзінде бұл жобаға 20-дан астам ресейлік кәсіпорын қызығушылық танытып отыр деп 24.kz сайты хабарлайды.
     Анар Мақашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығы президентінің орынбасары:
— Бұл жоба шағын және орта бизнеске арналған. Яғни осы бағытта жұмыс істегісі келетін инвесторлар тарту арқылы жүзеге асырамыз. Сондай-ақ ішкі нарықтағы машиналарды өз өнімдерімізбен қамтимыз. Бұл жоба шағын және орта бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Ел қазынасына да қаржы түседі. Ең бастысы біздің мамандарымыз технологиялық үдерістерді меңгеріп, жаңа өнім жасауға бейімделеді. Шикізаттық емес секторды дамытуға серпін береді.
Қауымдастық өкілдері жария еткен тағы бір жаңалық – елімізде сатылған көліктердің саны артқан. 2020 жылдың қаңтарында қазақстандықтар бұл мақсатта 51 миллиард теңге жұмсапты. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 20 процентке артық. Ең көп сатылған көліктердің көшін ала шапанды ағайынның «Равоны», ресейлік «Лада» және корейлердің «Хёндесі» бастап тұр.


      Олег Алферов, автокөлік нарығының сарапшысы:
— Қазір отандық автоөнідірстің дамуына ықпал етіп отырған екі бағдарлама бар. Олар пайдаланылып болған көліктерді утилизациялау және жеңілдетілген автонесиелеу. Бұл бағдарламалар соңғы жылдары тиімділігін көрсетті. Сондықтан оларды қаржыландыру артуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде отандық автокөлік паркін жаңартуға мүмкіндік береді.
     Қазірге дейін жеңілдетілген несиенің арқасында 20 мың азаматтың темір тұлпарға қолы жетіпті. Айтпақшы, нарықты одан сайын жандандыра түсу үшін елімізде ескі көліктерді утилизациялауға берілетін сертификат көлемін жарты миллион теңге дейін арттыру ұсынылды. Қазір бұл көрсеткіш 350 мың теңгенің шамасында.